Гөзел Құлжабаева – гүл өсіру мәдениетіне, көгалдандыру саласына ерекше үлес қосып келе жатқан жан. Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы
Басши, Нұрым ауылдарына 30 мың түп ағаш егіп, жасыл аймаққа айналдырып отыр. Ұлыбританияның «Виктория ханым» сыйлығының иегері.
Агробанның кереметі
– Менің негізгі мамандығым инженер-электрик, – дейді Гөзал апай. – Жоғары оқу орнын бітірген соң, осы сала бойынша 7 жыл жұмыс істедім. Ал көгалдандыруды алдымен өз ауламды көркейтуден бастадым. Іздендім. Том-том кітаптар ақтардым. Қарасам, дәл осы салада табысты қызмет атқарып жүрген маман жоқтың қасы. Сосын көгалдандыру ісіне түбегейлі өз ғұмырымды арнауға бел шешіп кірістім. Алдымен Алма-Арасанға барар жолда қазақтың гүл бағын жасау туралы ой келді. Бүгінде ол гүлзарда Қазақстанның ғана емес, әлемнің әр түкпірінен әкелінген 1000-нан аса алуан өсімдіктер мен ағаштар өсіріледі: шырша, тұт ағашы, қарағай, бозарша ағаштары мен раушан гүлі, сүттіген, еңлік гүлі, кактус, шырайгүл, ауруға ем болатын түймедақ гүлі, қазтабан гүлі, т.б. Мәңгі жасыл гүлдерден қазақ ауылы мен хайуанаттар бағын тоқыдық. Яғни, гүлзарға келушілер гүлмен көмкерілген киіз үй, текемет, күйеу бала мен қалыңдық бейнесін, жылқы, аққу, тасбақа, елік, бұғы, қолтырауын, т.б. бейнесін тамашалай алады. Біз бұл жобаға бір жарым жылдай дайындалдық. Мамандармен ақылдаса келе, суды өте аз қажет ететін, қыста да жасыл қалпын сақтайтын «бозкілем» гүлін таңдадық. Елімізде бозкілемнің 30-40 шақты сұрыбы болса, біздегі бақ мүсіндерінде оның 27 түрі қолданылған. Мүсіндер қысы-жазы өңін жоғалтпай, жақсы сақталуы үшін Словакиядан арнайы «агробан» деп аталатын тыңайтқыш зат алдыртып, топырақ құрамына қостық. Агробан – 1000 градустық жанартау тасқынында еріген тас. Осы тасты арнайы технологиямен өңдеу арқылы мақта секілді жұмсақ зат алынады. Агробанның қасиеті – мүсінде егілген гүлдерге қыста жылу беріп, жазда топырағының кеуіп кетуінен сақтайды. Мұндай мүсіндер Еуропада 10-12 жылдай сақталатын болса, біздегі бейнелер кем дегенде 6 жыл бойы көз қуантады деп жоспарлап отырмыз.
Filed Under :
Нау.13,2012
Tags :





